aladop.kz
Р. Жәнібеков: «Қазақша тұңғыш комментарий жүргізген қазақтың есімі таяуда белгілі болып қалар» - ALADOP.KZ
Рабат ЖӘНІБЕКОВ, комментатор: Қазақша тұңғыш комментарий жүргізген қазақтың есімі таяуда белгілі болып қалар Қазақтан шыққан алғашқы комментаторлардың бірі Рабат Жәнібеков 70-ке толды. Саналы ғұмырын қазақ спортына, оның 32 жылын тек комментаторлыққа арнап, талай спорттық оқиғаның куәгері болған Рәкең біздің газет тілшісімен емен-жарқын әңгімелесті. – Рабат аға, бүгінде зейнеттесіз, бірақ қол қусырып қарап отырмайтын буыннансыз. Үйдесіз бе, әлде қалам мен микрофоннан қол босамай жүр ме? – 1968 жылдан 2003 жылға дейін қазақ телевизиясында қызмет еттім. Денсаулығым нашарлаған соң, телеарнадан, комментаторлықтан кеттім. Сол жылдан бастап Дәулет Тұрлыханов басқарған спорт агенттігінің баспасөз орталығын басқарғанмын. Кейін олар Астанаға көшіп, мен осында қалдым. Алматы қалалық спорт басқармасында, Білім министрлігі жанындағы дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығында біраз еңбек еткенім бар. Он жыл бойы спорт академиясында комментаторлар мектебін ашып, бар білгенімді үйреттім. Телеарнадан кетсем де, тәжірибеммен бөлісейін деген ниет қой менікі. Үш-төрт кітап шығардым. Оның біреуі «Спорт журналистикасын оқытудың әдістемесі» деп аталады. – Сіздің комментаторлыққа қалай келгеніңіз қызықтырады бізді. Естуімше, бірнеше спорт түрін меңгерсеңіз де, телевизиядағы қызметіңізді балалар хабарынан бастапсыз… – Ол рас. Әскерден оралып, ҚазМУ-ді мерзімінен екі жыл кеш бітірдім. Алғаш телеарнаға келгенімде, мені ақпарат бөліміне жіберді. Ал үш айдан соң балалар мен жастар бағдарламаларын дайындайтын «Құрдастар» бірлестігіне ауыстырды. Былтырға дейін эфирден түспеген «Айгөлек» балалар хабарын ең алғаш бастаған мен едім. Атын қойған да өзім. Бірақ 1973 жылы мені директор шақырып алды да, әскери-патриоттық және спорт хабарлары бөліміне ауыстыратынын, қазақ редакциясының басшысы болатынымды айтты. Ол кезде спорт редакциясы деп ауыз толтырып айтатындай ұжым болған жоқ. Владимир Толчинский спорттан репортаж жүргізетін. Өзі футболдан бүкілодақтық дәрежедегі төреші. Соңғы ақпараттарға Сұлтанғали Қаратаев жауапты болған екен. Алайда «Ара» журналына ол туралы фельетон шығып, қызметінен шеттетілген. Менің әскер қатарында болғаныма, бірнеше спорт түрінен разрядым барына мән беріпті басшылық. Сонымен, Толчинский орысша, мен қазақша жүргізе бастадық. Шынымды айтайын, алғаш рет репортаж жүргізерде қатты қобалжыдым. Менің мазасызданғанымды көрген Толчинский өзінің орысша сөздерін қазақшаға аударып, қайталай бер деп ақыл берген болды. Біреудің айтқанын қайталап отырсам, көрерменнен ұят емес пе?! Не де болса тәуекел деп, Мәскеудің «Торпедосы» мен «Қайрат» арасындағы кездесуді қалтырап-дірілдеп отырып жүргізіп шықтым. Қуанышқа қарай, көркемдік кеңес мені қатты сынаған жоқ. Лездемеде кемшіліктерім барын, бірақ әрі қарай ысылып кететінімді айтып, мүмкіндік берді. Міне, осылайша микрофон алдында 32 жыл отырдым. – Қазақ комментаторларының көш басында Өмірзақ Жолымбетов, Сұлтанғали Қаратаев, Жақсылық Темірбеков және сіз секілді азаматтар тұрды. Кейін Қынабай Аралбаев, Мейрам Жанәділов, олардың ізін ала Төлеген Жұмабеков, Амангелді Сейітхандар келді. Бүгінгі буынды Есей Жеңісұлы бастап тұр. Осы үш топқа жеке-жеке баға бере аласыз ба? – Қазіргі жастарды айтпас бұрын, өз замандастарыма тоқталғым келіп тұр. 1975 жылы радио мен телеарнадағы спорт бағдарламаларын қосып жіберді де, радиодан бізге Жақсылық Темірбеков, Өмірзақ Жолымбетов, Диас Омаров, Петр Дорожинскийлер келді. Маған бөлім бастығының орынбасары не комментатор бол дегенде, соңғысын таңдадым. 1973 жылдан бастап репортаж жүргізуге араласа бастағанмын. Негізі, Толчинский басында ешкімге тізгінді бермеген. «Қазақтардың барлығы орысша түсінеді, сондықтан, қазақшаның не қажеті бар?» дегенде, оған қарсы шыққан Сұлтанғали Қаратаев:«Алыс ауылда қой бағып жүрген қазақ орыс тіліндегі репортажды қалай түсінеді, бұлай болмайды» деп, қазақша репортаждың беріле бастауына себепкер болды. Ал 1986 жылы мен спорт бөліміне бас редактор болғанымда, Темірбековке көп репортаж берген жоқпын. Өйткені тілі жұтаңдау еді. Ал Өмірзақ Жолымбетовтің тіл байлығына айтар әңгімем жоқ. Қазақтың әдемі тіркестерін тауып алып, сөздің майын тамызатын. Бірақ телеарна мен радио бөлінген кезде, ол қайтадан радиосына кетіп қалды. Бізден кейінгі буыннан Қынабай Аралбаевты бөле-жара айтқым келеді. Оның сөз саптауы ерекше болатын. Түрлі терминдер ойлап табушы еді. Ол кезде барлығы да қазіргідей интернеттен оңай табылмайды. Қынабай матчқа дайындалып, талай уақытын ұлттық кітапханада өткізетін. Марқұм аяқ астынан 1991 жылы көз жұмды. Содан соң Төлеген Жұмабеков келді. Ол бізде көп тұрақтаған жоқ, басқа арнаға ауысты. Бірақ ебі бардың біреуі сол Төлеген еді. Мейрам Жанәділов туралы не айтсам болады?! Оны екі рет жұмысқа алдым. Кішкене жалқаулығы болды. Репортажды оған көп сеніп тапсыра алмадым. Бірде «Спорт» газетін оқып отырсам, Амангелді Сейітхан деген жігіт бұрқыратып жазып жүр екен. Жазғандары көңілімнен шықты. Сөз саптауы, тіпті, керемет. Кейін оны автобуста көріп қалмасым бар ма… «Балам, бізге кел!» дедім. «Аға, мені кім алады дейсің?» дейді. «Мен аламын, келе бер бізге» деп, комментаторлық қызметке шақырдым. Ол жақсы жүргізетін. Бір кемшілігі – сөйлемнің соңындағы сөзді басына шығарып айтады үнемі. Оны мен түсінемін, әріптестері түсінеді. Бірақ көрерменнің бәрі бірдей ұға бермеуі мүмкін ғой. Кейін Амангелді де «Хабарға» ауысып кетті. Комментатор ретінде Қынабай мен Амангелдіге көңілім толатын. Ал Есей Жеңісұлы басқа салаға кетпегенде, нағыз мықты атанушы еді (бас бармағын көрсетіп, біраз тамсанды). Оны тыңдаудың өзі бір ғанибет. Коммантатордың көкесі ғой! Ал қазіргі жастардан Ермұхамед Мәулен көңілімнен шығып жүр. – Сұлтанғали Қаратаевты бәріміз қазақ комментаторларының көшбасшысы дейміз. Бірақ сіз бір сұхбатыңызда «бұл – Сұлтанғали Қаратаев екеуміздің арамыздағы шешілмеген мәселе» деп, бір әңгіменің шетін шығарыпсыз. Сіздіңше, қазақтың алғашқы комментаторы кім? – Қаратаевтың бұл ісі енді ұят. Қаратаевқа тұңғыш комментатор деген атақты кім бергенін білмеймін. Ол радиоға 1964 жылы келіп, небәрі он шақты репортаж жүргізген. Ал қазақтан шыққан ең алғашқы комментатордың есімі әлі белгісіз. Негізі, 1958-1965 жылдар арасында радиодан Абай Шәріпов есімді азамат орыс тілінде хабар таратыпты. Ал 1958 жылдан бастап бір қазақ жүргізген. Оның есімін білмей жүрмін. Жақында радиоға қоңырау шалып, «Алтын қордан» сол кісінің аты-жөнін тауып беруді сұрадым. Олар іздестіріп жатыр. 1960-1969 жылдарға дейін Совет Мазғұтов репортаж жүргізгенін қазіргі жастар біле бермейтін шығар. Сәбеңді студент кезімде көп тыңдаушы едім радиодан. Ол – Юрий Гагарин ғарышқа ұшып, Қазақстанға қонған кезде ең алғаш сұхбат алған қазақ. Үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Басшылық оған «қазақ тіліне өте шеберсің, тіл байлығың зор» деп комментатор болуға қолқа салыпты. Қазақтың әдемі сөздерін тауып алушы еді. «Косенков допты кеудесіне қыса қойды» дегені қандай жылы! Бұл мәселеге нүкте қояр болсам, қазақтың алғашқы комментаторы деп Абай Шәріповты айтуға болады. Алайда ол орыс тілінде жүргізген. Қазақша жүргізген адамның аты да жақында табылып қалар деген үмітім бар. – «Қазіргі жас комментаторлардың сөздік қоры аз, тілі – жұтаң» деп жатады. Жастарға үлгі болатындай тәжірибеңіз бар. Өзіңіз жас кезде кімнен үйрендіңіз, комментатор болуға не себеп? – Бұл жерде мен орыс және қазақ тіліндегі репортажды салыстыруға келмейтінін айтқым келеді. Мәселен, «великолепный гол» дегенді біздің Диас Омаров айтады, Армениядағы Бабаян айтады, Котэ Махарадзе айтады. Ал қазақ тілінде «Керемет гол» деген сөздің өзі соғылған допты сипаттау үшін аздық етеді. Осындайда, «Теңбіл доп торда тулап жатыр» деген сыңайлы әдемі...